Медицина саласында маман тапшылығы азайып келеді. Еліміздегі дәрігер тапшылығы 19%-ға, орта буындағы медицина қызметкерлері тапшылығы 13%-ға азайған. Ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын жою жұмысы жалғасып келеді. Қазіргі таңда медициналық білім ордаларында бітіруші түлектерді жұмыспен қамту басты назарда тұр. Бұл туралы «Медициналық колледждер мен денсаулық сақтауды дамыту органдарының ынтымақтастығы» атты халықаралық конференцияда айтылды.
Альдина Сапархан - медицина колледжінің 3-курс студенті. Болашақ фельдшер маманы қазіргі таңда медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасу оңай екенін айтады. Тек талпыныс пен жүрек қалауы болса, білім ордасы жұмысты өзі-ақ тауып береді екен.
АЛЬДИНА САПАРХАН, МЕДИЦИНА КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ
Болашақта колледжді аяқтағаннан кейін жақсы жұмыс орындарына тұру, сонымен қатар тәжірибе алмасу жөнінде бірнеше ауруханаларға, соның ішінде №2 қалалық ауруханаға келіп жатамыз. Мұндағы мамандар бізге барлығын үйретіп, өз тәжірибелерімен алмасуға көмектеседі. Колледжді аяқтағаннан кейін өңірдің басқа да аудандарында, ауылдарда маман тапшылығына байланысты жақсы жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар.
Іс-шараны «Авимед» көпсалалы колледжі мен Республикалық әдістемелік орталығы ұйымдастырып отыр. Мұнда шымкенттік медициналық ұйымдардан бөлек, Тараз қаласы мен Қырғызстаннан болашақ дәрігерлерді даярлайтын ұстаздар келген. Ал ресейлік ақ халаттылар конференцияға онлайн режимде қатысып, пікір алмасты.
АҚБАЯН КЕРІМБЕКОВА, «АВИМЕД» КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Біздің мақсатымыз білім алушыларға сапалы білім беріп, саналы ұрпақ даярлау. Міндетіміз өңірлерден келген білім және ұйым басшыларымен білім сапасы мен денсаулық саласындағы заманауи технологияларды меңгеру бағытында тәжірибе және пікір алмасуды кеңейту болып табылады.
Жиында білім ұйымдары мен денсаулық сақтау мекемелері арасындағы ынтымақтастық пен кадр даярлау сапасын арттыру мәселесі сөз болды. Сала мамандары медицина қызметкерлерінің кәсіби этикасы мен деонтологиясын, сондай-ақ жас мамандарды қолдау мен бейімдеу мәселелерін талқылады. Жиын соңында жарақат бөлімінің мейіргерлері алғашқы көмек көрсету бойынша мастер-класс өткізді.