Биыл «Ońtústik» телеарнасына 35 жыл. Осы аралықта арна басшылығын 7 азамат тізгіндеді. Өткен материалда ұжым дамуына үлес қосып, қайталанбас қолтаңба қалдырған 5 директор жайында сөз қозғадық. Таныстырылымды әрі қарай жалғастырамыз. Бүгін біз 35 жылдық тарихы бар мекемені соңғы он жылда кімдер басқарғанын айтамыз.


 Уәли Қыдыр – «Оңтүстік» телеарнасын екі мерзім, 10 жыл басқарды. Техникалық құрылғыларды жаңартып, ғимаратты ағымдағы жөндеуден өткізді. Қаржылық қиындықтарды еңсеріп, жұмысшылардың жалақысы өсірді. Қызметтік көліктерді көбейтіп, мекеме жертөлесін ретке келтірді.


УӘЛИ ҚЫДЫР, «OŃTÚSTIK» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ (2013 – 2019, 2020 - 2024)

 – «Мен келгенде телеарнаның жағдайы кішкене қиындау еді. Ғимарат ескірген, автокөліктер ескірген еді. Автокөліктерді журналистер итеріп отырды. Шұбалаңқы микрофон, сымдары сырқа шығып тұратын. Қаржылық жағдайлар болды. Сол мәселелерді ептеп-ептеп шешіп, көп нәрсені ретке келтірдік. Ғимаратқа күрделі жөндеу жасадық. Жаңа камералар алдық.» 


 Ал 2024 жылы телеарна тізгінін Саламат Омаш қолға алды. Бұған дейін ұлттық арнада директор, бас продюсер, шеф-редактор қызметтерін атқарған журналист «Оңтүстікке» тың серпін сыйлады. Креативті бағдарламалар қатарын көбейтіп, жаңалықтардың сапасын көтерді. «Қайықта» хабары эфирге шығып, тыңнан түрен салды. Арнаның алдағы мақсаты айқын, жоспары нақты.


САЛАМАТ ОМАШ, «OŃTÚSTIK» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

– «Ең бірінші қолға алынған мәселе – ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу. Ішін-сыртын бәрін толық жөндеу, жаңарту. Енді қара шаңырақ болғаннан кейін, ең мықты журналисттер осы телеарнада болған соң, телеарнаның да, ғимараттың да жарқырап тұрғаны дұрыс. Бұл әрине оңай шаруа емес. Өз қиындықтары бар. Бәрі жоспардағыдай болса, биыл осы жөндеуді бастайтын жоспарларымыз бар.» 


Айта кетейік, мерейтой қарсаңында арна ұжымы 35 игі іс-жобаны бастады. 35 түп көшет отырғызып, қаланы абаттандыруға үлес қосты, сенбілік ұйымдастырды, жас өренмен кездесу өткізіп, бағыт-бағдар берді. Телеарналар арасында спартакиада өткізіп, салауатты өмір салтын насихаттайды.