Туризмді дамыту үшін қаладағы сакралды нысандардың жағдайын жақсы қалыпқа келтіру маңызды. Осы мақсатта алғашқы жұмыстар басталып кеткен. Туризмді дамыту мәселесі қалалық қоғамдық кеңесте талқыланды. Кеңестің кезектен тыс отырысында көтерілген өзге де мәселелерді арна тілшісі тыңдап қайтты.
Саяхатшыларға жағдай жасау үшін сервисті цифрландыру маңызды. Біздегі барлық турмаршруттар цифрландырудан өткен. Туристер елге келмей тұрып, саяхат жолын жоспарлай алады. Одан кейін тарихи нысандарды қалыпқа келтіру мен абаттандыру саланың дамуына оң ықпал етеді.
БЕКСҰЛТАН ӘДІЛХАНОВ, ТУРИЗМ, СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР ЖӘНЕ КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Біздің басты мақсатымыз — Сайрам елдімекенінде орналасқан алты сакралды нысанды реконструкциядан өткізу. Қазір бұл нысандар Мәдениет және ақпарат министрлігінің балансында. Біз оларға алты нысанның жағдайын айттық. Келер жылы реконструкциядан өтетін болады.
Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов қаланы Smart City тұжырымдамасы аясында дамыту жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінде қаланың басқару жүйесі заманауи технологиялар арқылы тиімділігін арттырып келеді.
МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Сынақтан өзінің оң тәжірибесін көрсеткен PulseEye сынақ жобасы медицина саласына бағытталған. Одан бөлек Atcod деген стартап жобасы бар, ол коммуналдық шаруашылыққа арналған. Бұл жоба канализация құбырларының тозуын лезде анықтайды.
Кеңес мүшелері баяндамаларды тыңдап, нақты сұрақтар қойып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Жиын соңында Қоғамдық кеңес төрағасы Бұхарбай Парманов басқарма басшыларының есебін оң бағалап, айтылған ұсыныстардың назарға алынатынын атап өтті. Оның айтуынша, талқыланған әрбір мәселе қаламыздың әлеуметтік дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ал кеңес мүшелері ұсынған ұсыныстар қоғамдық бақылауда болады.