Қала әкімі белгілі отандық спортшылар – Марат Байқамұров және Эльмир Әлімжановпен, сондай-ақ олардың бапкерлерімен кездесті. Марат Байқамұров – қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан спорт шебері, бірнеше дүркін Қазақстан және Азия чемпионы. Биыл ол еліміздегі ең беделді жарыстардың бірі – «Қазақстан Барысы – 2025» республикалық турнирінің жеңімпазы атанды. 40-тан астам мықты балуанның арасынан суырылып шығып, финалда былтырғы чемпионнан басым түсті. Жоғары шеберлігін танытты.
Эльмир Әлімжанов - Қазақстан құрамасының капитаны, семсерлесуден төрт дүркін Азия чемпионы, Азия ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері және Лондон мен Париж Олимпиадасына қатысушы. Биыл жазда қазақстандық семсерлесушілер әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Бұдан бөлек, семсерлесуден өткен халықаралық «Ең мықтылар турнирі» бәсекесінде ұлттық құрама сегіз медаль иеленді. Оның үшеуі – алтын. Спортшылар мен олардың бапкерлеріне еңбегі, табандылығы және спортқа деген адалдығы үшін алғыс білдірді. Олардың жетістіктері еліміздің халықаралық аренадағы абыройын арттырып, жастарға шабыт беріп, ұлттық спорттың дамуына серпін береді. Демеушілер атынан спортшылар мен бапкерлерге ақшалай сертификаттар табыс етілді. Ал ұлттық спорттың дамуына қосқан зор үлесі мен жоғары жетістіктері үшін Марат Байқамұровқа жаңа пәтер кілті тапсырылды.