Бахрейннің Манама қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында қазақстандық спортшылар ел мерейін үстем етті. Байрақты бәсекеде жеңіл атлетикадан сынға түскен Максим Сажнев пен Ольга Изюмникова жүлделі орындарға ие болды. Жеңімпаздарды туыстары мен спорт сүйер қауым ыстық ықыласпен қарсы алды.
Дискі лақтыру спортынан сынға түскен қазақстандық жас атлет Максим Сажнев жарыс барысында ерекше дайындық пен жоғары шеберліктің үлгісін көрсетті. Ол алғашқы мүмкіндіктен-ақ мықтылығын байқатып, қарсыластарынан оқ бойы озып шықты. Қорытынды сында үздік нәтижеге қол жеткізіп, алтын медаль иеленді. Бұл көрсеткіш - жасөспірімдер арасындағы жаңа рекорд болып тіркелді.
МАКСИМ САЖНЕВ, АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ
Бахрейнде өткен 3-ші Азия ойындарының жеңімпазы атандым. 4-ші күні ғана сайысқа түстім. Жарысқа шығу сәтімді ұзақ күттім. Сенімім мен табандылығым ақталды деп ойлаймын.
Спортшының анасы да жеңіс сәтінде толқуын жасыра алмады. Ұлының талай жылғы еңбегі мен табандылығының ақталғанын көріп, қуаныштан көзіне жас алды. Айтуынша, бұл жетістік — жылдар бойғы еңбектің, сенім мен төзімнің жемісі.
АНАСТАСИЯ САЖНЕВА, МАКСИМ САЖНЕВТІҢ АНАСЫ
Максимның бұл спорт түрімен айналысып жүргеніне 4 жылдың жүзі болды. Руслан Омаров сынды мықты маманды таңдағанымызға қуанамыз. Ұлым бүгін көптен күткен алтынға қол жеткізді, елдің және біздің үмітті ақтады. Қуанышымда шек жоқ.
Жоғары секіру сайысында ел намысын қорғаған жас спортшы Ольга Изюмникова да өз шеберлігін жоғары деңгейде көрсете білді. Ол жарыс алаңына ерекше дайындықпен шығып, әр секіру сайын биігін арттыра түсті. Бастапқы айналымдарда сенімді өнер көрсеткен Ольга шешуші сәтте 1 метр 65 сантиметр биіктікті бағындырып, үздік үштіктен көрінді. Байрақты бәсекеде қола жүлдеге ие болып, ел құрамасының қоржынына медаль салды.
ОЛЬГА ИЗЮМНИКОВА, АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ
Жеңіл атлетикамен айналысып жүргеніме 3 жыл болды. 3-ші Азия ойындарында бақ сынадым. Алтын алуға да болар еді, бірақ дәл қазір қолдан келіп тұрғаны осы.
Ел үмітін арқалаған талантты өрендер алдағы уақытта да халықаралық додаларда жаңа белестерді бағындыруға ниетті.