Кәсіп бастаймын деген қыз-келіншекке жол ашық. Бастысы - жұмысқа деген ынтасы болса болғаны. «AMANAT» партиясы қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Әйел аманаты» бағдарламасы аясында интерактивті тренинг өтті. Іс-шараның басты мақсаты – әйелдердің кәсіпкерлік және қаржылық сауаттылығын арттыру. Тақырыпты тілші тарқатады.


Тренингке келгендердің басым көпшілігі – жастар. Солардың бірі — Диана Рысбек. Ол негізгі жұмысынан бөлек, қолы қалт етсе тәттілер дайындайды. Екінші кәсібін кеңейтпек ойы бар.


ДИАНА РЫСБЕК, КӘСІПКЕР

Күнде кешкі уақытта торт пісірем. Оны дүкендерге сату мақсатында өткіземін. Осы кәсібімді ары қарай дамыту үшін тренингке келдім. Қандай кредиттер алуға болатынын білдім. Қандай қолдау бар екенін естідім. Маған барлығы ұнады.


Тренинг барысында қатысушылар кәсіпкерлікті жаңа бастаған және тәжірибелі әйелдерге арналған нақты бағдарламалар мен қаржылық қолдау тетіктері туралы тың ақпарат алды. Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП мен «Halyk Bank» тарапынан ұсынылатын жеңілдетілген несие және оқыту бағдарламалары таныстырылды.


АЙДОС КЕЛДІБАЕВ, «HALYK BANK» АҚ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

– Қандай көмек болатынын талқыладық. Қазіргі таңда «Даму» қоры арқылы берілетін 12,6 пайыздық «Өрлеу» бағдарламасымен жұмыс істеп жатырмыз. Соны айттық. Банкте бізде қаржылай емес те қызметтер көп. Шот ашу, аудармалар бойынша да талқыладық.


Әйелдердің іскерлік әлеуетін дамыту - қоғамның экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығын арттырудың маңызды бөлігі. Бұл тренинг – өз ісін бастауға, жаңа идеяларды жүзеге асыруға және табысты кәсіпкер болуға ұмтылған әйелдерге үлкен мүмкіндік. «AMANAT» партиясы әйелдердің бастамаларын қолдауға дайын. Шара соңында қатысушылар спикерлермен ашық диалог форматында пікір алмасып, өз бизнесін дамытуға қатысты кеңестер алды.