Түркістанда өскелең ұрпақтың отансүйгіштік рухын арттырып, құқық қорғау саласына деген қызығушылығын дамыту мақсатында №9 Н.Некрасов атындағы мектеп-гимназиясында полиция сыныбы ашылды. Сыныпқа Жаңабай Сейсембекұлының есімі берілді.
Жаңабай Сейсембекұлы өмірін ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікке арнаған, өз ісіне адал, батыл және өнегелі тұлға. Оның есімін ұлықтау жас буынның бойында патриоттық сезімді қалыптастырады, дейді ұйымдастырушылар.
МЕКЕНХАН ҚОЗЫХАНҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Полиция сыныбының ашылуы үлкен үлгі-өнеге. Мұның мән-маңызы өте жоғары»
Полиция сыныбында оқушыларға құқықтық тәрбие беріледі, заң негіздері мен тәртіп сақтау мәдениеті үйретіледі. Сондай-ақ полицей мамандығының қыр-сырымен таныстыру көзделген. Арнайы сабақтар мен кездесулерде тәжірибелі тәртіп сақшылары мен педагогтар жастарға патриоттық рухта тәлім-тәрбие береді.
АЙТБАЙ СЕЙСЕМБЕКОВ, Ж. СЕЙСЕМБЕКҰЛЫНЫҢ ҰЛЫ
«Ол кісі өте адал азамат болды. Ешкімге артық әңгіме айтпайтын. Жедел қызмет жасап, қылмысты дер кезінде ашатын.»
Іс-шара соңында қатысушылар оқушыларға табыс тілеп, Жаңабай Сейсембекұлының өмір жолы мен ерліктерінен үлгі алуға шақырды. Полиция сыныбы жас ұрпаққа батылдық пен жауапкершілік қасиеттерін дарытады, ал есімі - Түркістан өңірінде қызмет еткен адал азаматтың құрметі болып табылады.