Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық жиыны – Шымкентте. Қаратау ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Eurasian International Model United Nations-2025 халықаралық конференциясын өткізуде. Кішкентай дипломаттардың кездесуіне арна тілшісі куә болып қайтты.


EAIMUN-2025 – жастардың жаһандық ойлауын және көшбасшылық қабілетін дамыту алаңы. Бұл конференцияға Астана, Алматы қалалары мен еліміздің барлық өңірлерінен озат оқушылар келді. Одан бөлек, Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінен де зияткерлік мектеп шәкірттері шаршы алаңда бас қосты. Тіпті Үндістаннан да белсенді жастар келген. Олардың жетекшілері шәкірттерін жақсы дайындап әкелген.


РАШИА ШАРМА, LIS МЕКТЕБІ (ҮНДІСТАН)

Шымкентке бұл менің алғашқы келуім емес, екінші рет келіп отырмын. Қазақстандық оқушылармен, әсіресе Қаратау ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларымен тығыз байланыстамыз. Біздің бірлескен “Серіктес мектептер” жобамыз бар. Осы жоба арқылы Шымкенттің сұлулығына және тұрғындарының қонақжайлылығына тәнті болдық. Ал бүгінгі күнге келсек, БҰҰ конференциясы жоғары деңгейде өтіп жатыр және қатысушыларға зор тәжірибе мен жаңа мүмкіндіктер сыйлап отыр.


Жиын Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығына арналған. Онда «Тұрақтылық, қауіпсіздік және ынтымақтастық: 17 тұрақты даму мақсаты арқылы болашақты құру» тақырыбы кеңінен талқыланды. Конференция қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерінде өтті. Он комитетте 300-ден астам қатысушы өз ойларын ортаға салды.


 БАҚЫТ ӘЛЖАН, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ

 Республикалық және халықаралық деңгейде бұл конференция екінші рет өтіп жатыр. 2019 жылы бірінші рет өткізген едік. Қатысушылардың шешімімен 10 жылдығымызға – 10 комитет деп белгіледік. Оның үшеуі онлайн, жетеуі офлайн форматта өтті. Барлығы 300-ден астам қатысушы болды. Қазір 140 бала әр комитетте отыр.


Бұл жиын білімді балалар үшін үлкен тәжірибе. Дипломат болуды армандайтын оқушыларға ашық мүмкіндік. Халықаралық деңгейдегі осындай жиындар – жас буын үшін мәртебе.