Жаңа салық кодексіне сәйкес кәсіпкерлерден берешекті өндіріп алудың икемді және жұмсақ тәртібі қарастырылады. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешанқұлов салық заңнамасына енгізілетін өзгерістер туралы брифингте мәлімдеді.
Оның сөзінше, қарыз мөлшері аз болған жағдайда компаниялардың шоттары автоматты түрде бұғатталмайды. Бұл бизнеске қызметін тоқтатпай жалғастыруға мүмкіндік береді. Қатаң шаралардың орнына алдын-ала ескертулер мен хабарламалар жіберу қарастырылып отыр.
САПАРБЕК ЕШАНҚҰЛОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бұрын арнаулы салық режимінің жеті түрі болса, қазір олар ықшамдалып, үш түрге біріктірілді. Келесі жылдан бастап үш қана салық режимі сақталады.
Сонымен қатар, қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегі – 10 000 АЕК, яғни шамамен 40 млн теңге дейін азайтылды, бұл төлеушілердің шеңберін кеңейтеді. Реформа есептілік көлемін 30% және салықтарды 20% дейін азайтуды көздейді. Айта кетейік, жаңа салық кодексі 2026 жылдың қаңтар айынан бастап күшіне енеді.