Алғаш рет «Кәсіпкерлер күні» аталып өтті. Елімізде 29 қазан ресми түрде Кәсіпкерлер күні болып бекітілді. Осыған орай Түркістанда мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында облыс әкімі кәсіпкерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған зор үлестерін атап өтті.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бүгінгі таңда облысымызда 216 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері қызмет етеді. Кәсіпкерлікпен айналысамын, бизнесті кеңейтемін деген кәсіпкерлерді біз әрқашан қолдаймыз, есігіміз әрдайым ашық!
Кездесу барысында өңір басшысы «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттады. Бұдан бөлек, өңірдің кәсіпкерлік саласын дамытуға үлес қосқан бірқатар азаматтар да марапатқа ие болды. Олардың қатарында білім беру, өндіріс және қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер мен белсенділер бар.
НИЯЗАЛІ БЕЙСЕНБАЕВ, «BNK GROUP» ЖШС ДИРЕКТОРЫ
«Мал шаруашылығымен айналысамыз. Оның ішінде – сүт бағыты. 1200 басқа арналған фермамыз бар. 50 шақты адамға жұмыс беріп отырмыз.»
Бұл – мемлекеттің кәсіпкерлікке деген қолдауы мен құрметінің айқын көрінісі, – дейді ұйымдастырушылар. Бүгінде өңірде 210 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып келеді.