Түркістанда жастардың еңбекке құлшынысын арттыруға бағытталған «Тәлімгер» әлеуметтік жобасы өз мәресіне жетті. «Береке» қоғамдық бірлестігі мен қала әкімдігінің қолдауымен өткен шара жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге, еңбек адамының абыройын арттыруға бағытталды.


Салтанатты жиын еңбек тақырыбын арқау еткен театрландырылған қойылыммен басталды. Шебер сахналық көрініс арқылы ұйымдастырушылар еңбек етудің маңызын көрерменге әсерлі түрде жеткізді. Шараға қатысқан Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы жобаға белсене атсалысқан жастарды құттықтап, олардың еңбекке деген ынтасын жоғары бағалады.


МЕКЕНХАН ҚОЗЫХАНҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

Осы жұмысшы мамандықтар арқылы біз өз отбасымызды асырап қана қоймай, халыққа пайдамызды тигізіп, кәсіпорын ашып, ісімізді дөңгелете аламыз. Бүгін Түркістан қаласында алғаш рет мега реалити-шоу жүзеге асырылды. «Тәлімгер» жобасына 100-ден аса жалынды жастарымыз қатысып, 30 жүйрік оқ бойы озып шығып, алты бағыт бойынша сынға түсті.


Жобаға жүзге жуық жас өтініш білдіріп, олардың ішінен 30 үздік үміткер финалға жолдама алған. Қатысушылар сайыс барысында тігінші, аспаз, автомеханик, электрик, киіз және былғары қолөнері бағыттары бойынша өзара бақ сынасты.


 ГҮЛМАРАЛ НҰРАЛЫҚЫЗЫ, КӨПСАЛАЛЫ ИНДУСТРИАЛДЫ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖДІҢ ОҚЫТУШЫСЫ

«Тәлімгер» жобасына колледждің 2-курс студентін әкеліп отырмын. Аспаз мамандығы бойынша білім алады. Бұл сайыстың білім алушылар үшін пайдасы зор деп ойлаймын. 21 студенттің арасынан 5 адам іріктеуден өтті. Конгресс-холлда жарыс ұйымдастырылды, студенттер іріктеуде де өз біліктіліктерін көрсете білді.


Жиын қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен алты қатысушы 300 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлықпен және алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, тәлімгерлер мен арнайы номинация иегерлері де құрмет төрінен көрінді.


 БЕКЗАТ ИСЛАМ, ЖАРЫС ЖЕҢІМПАЗЫ

Бізді іріктеп алды. Іріктеу барысында 5 адам қабылданды, арасына мен де іліктім. Сайыста 4 кезең болды. Бірінші кезеңде әмиянның сызбасын жасадық, екінші кезеңде оны құрастырдық. Үшінші кезеңде қол сөмке жасадық. Төртінші кезеңде сөмкені толық әзірлеп, сайысты қорытындыладық.


 Жастардың еңбекке деген құлшынысын оятып, жұмысшы мамандықтардың беделін көтерген әлеуметтік бастама алдағы уақытта да жалғасын табады, - дейді ұйымдастырушылар.