Түркістан облысын өндірісі дамыған өлкеге айналдыру жолындағы жұмыстар белсенді жалғасып келеді. Өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру, кәсіпкерлік саласын дамыту және инвестиция тарту мақсатында маңызды жобалар мақұлданған. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Аталған саладағы өзекті мәселелер өңір басшысы Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен инвестштаб отырысында талқыланды.


 Мәжілісте облыс басшысы аудан, қалалардағы индустриалды аймақтар мен кәсіпкерлік нысандарды кеңейту мәселелерін пысықтады. Сала мамандарына өңірдің инвестициялық жағдайын жақсартуды тапсырды. Күн тәртібінде Түркістан қаласы, Сайрам, Сауран, Ордабасы, Бәйдібек аудандарындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы қаралды. Атап айтқанда, Түркістан қаласында орналасқан тау-кен металлургия кешеніне қажетті ауыр жабдықтар шығаратын зауыттың құрылыс жоспары, «Turan» АЭА аумағында жүзеге асатын екі жаңа жобаны іске асыру мәселелері сөз болды. Осы тағы бірнеше маңызды жоба жайы талқыланып, тиісті тапсырмалар жүктелді. Облыс көлемінде кәсіпкерлік нысандардың қатары артса, енді бірінің іргетасын қалау жұмыстары жалғасып келеді. Түркістан облысының экономикалық өсімі мен индустриалды даму бағыты қарқынды жалғасып, аймақта іске асқан инвестициялық жобалар оң нәтижесін беріп жатыр.