Шымкенттік курсанттар әскери сайыстан ақжолтай жаңалықпен оралды! 1 аптаға созылған XI «Айбын» Халықаралық байқауынан олжалы қайтқан жас сарбаздарды қала жұртшылығы сән-салтанатымен күтіп алды. Арна тілшілері де арнайы барып, жеңімпаздардың қуанышына ортақтасып қайтты.


Шаһар намысын қаланың 281 мектебінің білімгерлерінен жиылған командалар қорғады. Болшақ сарбаздар зияткерлік, шығармашылық, қолданбалы сайыстарда бақ сынап, II және III жүлделі орындарды қанжығаға байлап қайтты.


 ДӘУЛЕТ ҚҰТТЫБЕК, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ ПӘН ӘДІСКЕРІ

Мегаполис атанғалы алғашқы үштікке кіріп, 3-ші орын алып тұрғанымыз білім басқармасы, қорғаныс істері жөніндегі басқарманың ауызбіршілігі іріктеуі оқу-жаттығу жиындарының тыңғылықты өткізуінің арқасында деп ойлаймын. Алдағы уақытта үлкен жарыстарда Шымкент қаласы жүлделі орындарға ие болатынына нық сеніммен айта аламын.


Қатысушылар әскери-патриоттық жиынды жай ғана жарыс деп қабылдамаған. Мұнда олар тәртіпке үйреніп, топпен жұмыс істеуді меңгеріпті. Онда физикалық дайындықтан бөлек, тапқырлық пен шығармашылық қабілет те сыналды.


БАТЫРХАН БАЙДАНОВ, «АРЫСТАН» ӘСКЕРИ ПАТРИОТТЫҚ КЛУБЫНЫҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ

Халықаралық жастар жиынында «Айбын» жұлдызы шығармашылық байқауына қатысқан болатынмын. Сол байқауда, сол кезеңде команда 1 ұпай жеңіспен 1-ші орынды команда болып «Арыстан» әскери патриоттық клубы жеңіске жеткен болатын. Бұл жеңіс яғни, оңайлықпен келмейтін жеңіс деп ойлаймын. 


Биылғы жиын - жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналды. 1 аптаға созылған дүбірлі додаға елімізден бөлек, Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан барлығы 800-ге жуық жас сарбаз қатысқан.