Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлар және ауыл шаруашылығы саласын зерттеуші ғалым, профессорлармен кездесті.
Қос тарап Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығы саласын ғылыми негізде дамыту, су үнемдеу технологиялары мен топырақ құрамын зерттеу мамандарын даярлайтын ғылыми орталық құру, оны дамыта келе университет ашу мәселесін талқылады. Өңір басшысы бұл бағыттағы бастамаларға толық қолдау болатынын жеткізді. ҚХР-дың Пекин ауыл шаруашылығы университетінің вице-президенті әрі профессоры Ду Тайшэн Түркістан облысының ауыл шаруашылығындағы әлеуеті өте жоғары екеніне тоқталды. Осындағы мақта шаруашылығына қатысты инвестициялық жобалар жүзеге асып жатқан аймақты зерделеп, су үнемдеу технологиясын енгізу жолдарын жандандыру, суды тиімді пайдалану, топырақ құнарын зерттеуге қолдау көрсетуге дайын екендерін білдірді. Ал арнайы ғылыми орталық пен университет ашу мәселесі мемлекетаралық деңгейде шешілетін мәселе екеніне тоқталған инвестор бұл ұсыныстар зерделенетінін атап өтті.