Еліміздің 300-ге жуық дарынды оқушысының басын біріктірген республикалық олимпиада өз мәресіне жетті. Жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен жарыстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Білім додасында үздік нәтиже көрсеткен оқушылар медальдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.


Олимпиада 9–11 сынып оқушылары арасында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 270 оқушы қатысты. Соның ішінде 12 оқушы қаламыздың намысын қорғап, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Солардың бірі – Бердіхан Әли. Ол қазақ мектептеріне арналған орыс тілі пәні бойынша 3-орын иеленіп, мегаполис мерейін асқақтатты.


 БЕРДІХАН ӘЛИ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ЖҮЛДЕГЕРІ
№1 дарынды балаларға арналған мектептенмін. Ұйымдастырушыларға рахмет. Бәрі жоғары деңгейде өтті, мен ризамын. Алғысым шексіз.


Үш күнге созылған іс-шара аясында оқушылар үшін мазмұнды мәдени-танымдық бағдарлама да ұйымдастырылды. Қатысушылардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында түрлі мәдени іс-шаралар, экскурсиялар және танымдық кездесулер өтті. Олимпиадаға қатысушылар Шымкент қаласының тарихи-мәдени орындарын аралап, өңірдің бай тарихымен, рухани мұрасымен жақынырақ танысты.


ГҮЛНАР ДӘРІБАЕВА, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Дендросаябақта, жаңадан ашылған паркте біздің кітапханамен танысты. Дарынды балаларға арналған лагерьді тамашалады. Шанин театрына барып, «Тастамашы ана» қойылымын көрді.


АЛИМА СЕЙСЕН, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ЖҮЛДЕГЕРІ (АҚМОЛА ОБЛЫСЫ)
 Мен Ақмола облысынан келдім. Қазақ мектептеріндегі орыс тілі пәнінен қатыстым. Әр қатысушы өз білімін жоғары деңгейде көрсете алды. Астана, Павлодар қалаларының оқушыларын ерекше атап өткім келеді. Олардың жұмыстары маған да ерекше әсер етті.


Шымкентте өткен олимпиада – тек білім сайысы ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың мәдени-рухани дамуын көздейтін маңызды алаң. Осындай игі бастамалардың нәтижесінде республикалық олимпиада дарынды жастардың білімін шыңдап қана қоймай, олардың тұлғалық және рухани дамуына да зор ықпал ететін маңызды алаңға айналып отыр.