Түркістан қаласындағы Бекзат мөлтек ауданында Ұлыстың ұлы күніне арналған «Наурыз думан» мерекесі кең көлемде аталып өтті. 1995 жылы туған жергілікті азаматтардың ұйытқы болуымен ұйымдастырылған шарада ұлттық құндылықтар дәріптеліп, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйланды.


Мерекелік думан ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық дәмдер ұсынылған дастархан басында басталды. Шара аясында жастар арасында арқан тарту, қол күресі және қазақша күрестен тартысты жарыстар өтті.


 Шараның ресми бөлімінде Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Адырбекқызы мен ауыл ақсақалдары тұрғындарға ақ батасын берді. Мерекелік бағдарлама «Көлбай ата» атшабарындағы көкпар ойынына ұласты. Тұрғындар биылғы Наурыз мейрамының ерекше ұйымшылдықпен өткенін атап өтті.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекенің басты мақсаты – Наурыздың рухани маңызын жастар арасында насихаттау. Күн ұясына батқанға дейін жалғасқан мерекелік думан халықтың ыстық ықыласы мен алғысына бөленді.