Ойы озық жастардың тың жобалары қаржыландырылады. Ол үшін өз жобаңызды арнайы комиссия алдында қорғап шықсаңыз болғаны. Орталық Азия инновациялық университетінде «Менің арманым» халықаралық бизнес-стартап жобалар конкурсының жетінші маусымы ашылды.


Бұл байқау мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары арасында өтуде. Жастар өздерінің алғашқы жобаларын таныстырып, оны қорғауда. Бизнес-стартап жобалар конкурсы – командалардың бастапқы кезеңдегі жұмыстарын көрсететін алаң. Жиынға шетелдік ғалымдар да келіп, жаңа жобалармен танысуда.


 РЕНЗЕ КОСТЕР, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ИННОВАЦИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҰСТАЗЫ
Қазір студенттер өте қызықты идеялар ұсынып жатыр. Болашақта өз кәсібін бастау үшін жобаларын таныстыруда. Оларды қалай дамытуға болатыны маған өте қызықты. Сонымен қатар, жоба аясында ағылшын тілін дамыту қажеттігі айтылуда, бұл бастаманы қолдаймын.


Бизнес-жобаларды бағалау үшін арнайы комиссия құрамы жасақталған. Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы, ішкі саясат басқармасы және «Бай өмір» клубының өкілдері қатысуда. Бұған дейін өткен конкурс жеңімпазы да қазылар алқасының мүшесі ретінде шақырылған.


 ОЛЖАС АХМЕТОВ, «МЕНІҢ АРМАНЫМ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БИЗНЕС-СТАРТАП ЖОБАЛАР КОНКУРСЫНЫҢ ЖЕТІНШІ МАУСЫМ ЖЕҢІМПАЗЫ
Төрешілер құрамында биыл да өте мықты мамандар жиналған. «Атамекеннен» де, «Даму Бизнестен» де өкілдер бар. Жылдан жылға бұл іс-шараның деңгейі көтеріліп келе жатқанын байқап отырмыз. Қатысушылар үшін бұл – үлкен мүмкіндік.


 Орталық Азия инновациялық университеті игі жобаларға қолдау көрсетіп келеді. Қазіргі таңда оқу орны Түркия, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстандағы жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыстар орнатқан. Оқытушылар шетелдік университеттермен тәжірибе алмасып, студенттер білімін шетелдерде жетілдіруде. Орталық Азия инновациялық университеті – сапалы білім мен жарқын болашақтың кепілі.