Түркістан облысында жылыжай шаруашылығының қарқынды дамуы экологиялық жауапкершілік мәселесін қатар көтеріп отыр. Қысқы маусымда жылыжайларды көмірмен жылыту тәжірибесі кеңінен қолданылып, ауаға зиянды шығарындылардың артуына себеп болуда. Бұл өз кезегінде қоршаған орта мен тұрғындардың денсаулығына кері әсер етеді. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданында жылыжай шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен кездесу барысында осы мәселеге ерекше тоқталды.


Аймақ басшысы кәсіпкерлерді экологияға жауапкершілікпен қарауға шақырып, саланың болашағы тек экономикалық тиімділікпен ғана емес, экологиялық тепе-теңдікпен де тығыз байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ, жылыжай өндірісі табысты сала болғанымен, экологиялық жауапкершілік бірінші орында тұруы керектігін жеткізді.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Әрбір кәсіпкер өз жауапкершілігін сезінуі қажет. Экология – баршамызға ортақ мәселе. Сондықтан әрбір шаруашылық заманауи технологияларды енгізіп, қоршаған ортаға жанашырлық танытуы тиіс.


Түркістан облысы – еліміздегі жылыжай шаруашылығы ең қарқынды дамыған өңірлердің бірі. Республикадағы жылыжайлардың 72 пайызы осы аймаққа тиесілі. Жалпы көлемі 1006,7 гектарды құрайтын 3366 жылыжай халықты жұмыспен қамтып, ішкі нарықты көкөніспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр.


ДАНИЯР ҚАЛТАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Жылыжай шаруашылығында экологиялық талаптарды сақтау – уақыт талабы. Біз кезең-кезеңімен табиғи газға көшу және заманауи сүзгі жүйелерін орнату арқылы қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға күш салып жатырмыз.


Сарыағаш ауданында 2183 жылыжай жұмыс істейді. Оның ішінде 551,8 гектары көмірмен, 7,5 гектары табиғи газбен жылытылады, ал 247,9 гектары қарапайым парниктер ретінде қызмет етеді. Сарапшылар экологиялық жүктемені азайтудың тиімді жолдары ретінде жылыжай қазандықтарына түтін сүзгілерін орнату және табиғи газға кезең-кезеңімен көшу қажеттігін ұсынады. Мұндай сүзгі жүйелерінің құны шамамен 1 гектарға 4–5 миллион теңгені құрайды.