Мемлекеттік күзет қызметіне Шымкент қаласынан 28 сарбаз жөнелтілді. Жауапкершілігі жоғары бұл қызметке бойы ұзын, физикалық дайындығы мықты жастар іріктеліп алынған.


 Мемлекеттік күзет қызметіне кез келген азамат қабылдана бермейді. Үміткерлерді Астанадан келген арнайы комиссия жан-жақты сұрыптайды. Көктемгі іріктеуге 150-ден астам шымкенттік қатысқан. Нәтижесінде спорттық және психологиялық сынақтардан сүрінбей өткен 28 сарбаз қызметке жолдама алды.


МАРАТ НАДИРОВ, МЕМЛЕКЕТТІК КҮЗЕТ ҚЫЗМЕТІНІҢ ПОДПОЛКОВНИГІ
Арнайы нормативтер бойынша және спорттық дайындық деңгейі тексерілді. Барлық үміткерлер арнайы тексерістерден өтті. Жасы 18 бен 27 аралығындағы, спортпен шұғылданатын азаматтар қабылданады. Әскери қызметін аяқтағаннан кейін келісімшарт негізінде жұмыс істеуге мүмкіндік бар.


Әнуарбек Айасхан – 18 жаста. Бірінші курс студенті. Ол оқуынан уақытша үзіліс алып, өз еркімен Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Әскери отбасында тәрбиеленген жас сарбаз атасының жолын қуып, ел қорғауды мақсат етеді. Темірдей тәртіп, беріктік пен адалдық – оның басты ұстанымы.


ӘНУАРБЕК АЙАСХАН, ҚАТАРДАҒЫ ЖАУЫНГЕР
Әскерге өз еркіммен бара жатырмын. Бұл – менің таңдауым. Қазіргі жастардың барлығы бірдей барғысы келмейді, бірақ мен үшін бұл – батылдықтың белгісі. Атам да әскери адам болған, соның жолын жалғастырып келемін.


Көктемгі әскерге шақыру науқаны наурыз айында басталды. Өткен айда 140 сарбаз шекара қызметіне аттанған болатын. Бүгін 28 жас жауынгер Мемлекеттік күзет қызметіне жіберілді. Жалпы көктемгі маусымда 1200-ге жуық шымкенттікті әскер қатарына шақыру жоспарланып отыр.


ӘБДІҒАБИТ ШЕГЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТ БАСТЫҒЫ
Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Берілген жоспарды сапалы орындау үшін жастар арасында түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде.


Әскерге шығарып салу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Берік Біркімбаев қатысты. Сондай-ақ сала ардагерлері жас сарбаздарға ақ жол тілеп, сәттілік тіледі.