Түркістанда «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты семинар-форумы өтті. Жиында тұрғын үйді басқаруға қатысты жаңа талаптар ұсынылды. Энергетика мен инфрақұрылымды басқарудың жаңа моделі «AMANAT» партиясының «TURǴYNDAR AMANATY» жобасының таныстырылымы да болды.
Түркістан облысындағы 1 877 көппәтерлі тұрғын үйлерді басқаруда 199 мүлік иелерінің бірлестігі және 10 пәтер иелерінің кооперативтері құрылғаны мәлімделді. Облыс көлемінде 550 тұрғын үй тікелей бірлескен басқару моделіне көшкені хабарланды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде, азаматтарға қолайлы, қауіпсіз, жайлы және заманауи қалалық орта қалыптастыру және тұрғындардың белсенділігін арттыру көзделген.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бүгін біз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы маңызды мәселелерді талқылау үшін арнайы жиналып отырмыз. Бүгінгі күнге, облыс аумағында 1 877 көппәтерлі тұрғын үй бар. Соның ішінде, 1 620 тұрғын үй кондоминиум нысаны ретінде тіркелсе, 243 үй коммуналдық меншікте.
Облыс орталығы – Түркістан қаласында көппәтерлі тұрғын үйлерді мүлік иелерінің басқару моделіне көшіріп, сервистік қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда облыс орталығында 4 басқарушы компания мен 7 сервистік қызмет көрсету мекемелері тұрғындарға тиімді қызмет көрсетіп келеді.
Тұрғын үй қатынастары саласындағы мәселелердің өзекті екені айтылып, «TURGYNDAR AMANATY» жобасы шеңберінде Түркістан облысында фронт-офис ашу тапсырылды.
Жиында сервистік мекемелердің қызмет тарифін қайта қарап бекіту, мүлік иелері бірлестіктеріне қатысты салық жеңілдіктері, тұрғын үй басқарушы компаниялар жетекшілерінің біліктілігін арттыру, өзара тәжірибе алмасу үшін жағдай жасау сауалдары қойылды. Арендалық тұрғын үйлерде тұратын азаматтар жалпыға бірдей тәртіп негізінде мүлік иелері бірлестіктеріне жарна төлеуі қажет екені айтылды.