Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаладағы өндірістік және білім беру нысандарын аралап, олардың қазіргі жай-күйі мен даму мүмкіндіктерімен танысты.


 Әкім «Тассай» индустриялық аймағындағы «Алика Групп» ЖШС өндірісін аралап, металл өңдеу цехтарындағы жұмыс барысын көрді. Мұнда кабельдік науалар мен екі арқалықты конструкциялар шығарылады, жылына шамамен 5 мың тонна металл өңделеді. Сонымен қатар, «Nar Sapa Manufacturer» ЖШС есік және құрылыс бұйымдарын өндіру барысын таныстырды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты айына 10 мың дана есікке жетеді. Қала басшысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Arizona State University филиалын ашуға дайындық процесін, сондай-ақ Жұмабек Тәшенев атындағы университет жанындағы Tashenev AI Lab жасанды интеллект зертханасының жұмысын көрді. Зертханада цифрлық және инженерлік бағыттағы озық шешімдер жүзеге асырылуда, бұл IT саласын дамытуға және адами капитал қалыптастыруға ықпал етеді. Аралау соңында әкім «Lam.Tech» ЖШС ламинатталған ағаш жоңқалы тақта өндіру цехымен танысты. Қазіргі уақытта 40-тан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған, жылына 2,7 млн шаршы метр өнім шығарылады. Жалпы, аралау Шымкент қаласында өндіріс пен білім салаларын қатар дамытуға бағытталған жүйелі саясаттың жүзеге асып жатқанын көрсетті.