Түркістан қаласында академиялық есуден ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты ресми түрде бастау алды. Сайыс шаһардағы олимпиадалық стандарттарға сай есу арнасында өтіп жатыр.
Ел біріншілігіне Қазақстанның әр өңірінен келген 6 команда құрамындағы 100-ден астам спортшы қатысып, мықтыларды анықтауда. Олар 20 бағдарлама бойынша медальдар жиынтығын сарапқа салады.
Аталған чемпионаттың маңызы зор. Себебі жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар Қазақстан ұлттық құрамасы сапына шақырту алып, 25–26 сәуір күндері Кореяның Инчхон қаласында өтетін Азия кубогында ел намысын қорғайтын болады.
Додада Түркістан облысының намысын қорғап жатқан Владислав Яковлев, Иван Чернухин, Роза Кеңес, Валентина Волкодавова сынды тәжірибелі спортшылардан жоғары нәтиже күтіледі.