Түркістандық шаруалар «Пекинка» сұрыпты қырыққабат өнімінің алғашқы топтамасын Ресей нарығына экспорттады. Жергілікті диқандар 4 гектар алқапқа ерте пісетін қырыққабат еккен. Жұмыс барысында тамшылатып суару жүйесін қолданып, агротехнологиялық құралдарды пайдаланған.
Мамандардың айтуынша, бұл өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 120 тонна өнім алу жоспарланған. Айта кетейік, Мақтаарал ауданында 1404 гектар жерге көкөніс дақылдары егілген, оның 1016 гектары сұранысқа ие «Ринда», «Пекин» және «Пандион» сұрыпты қырыққабатқа тиесілі. Өнім тек ішкі нарықта ғана емес, Ресей мен Еуропа елдерінде де жоғары бағаланады. Мәселен, былтыр Мақтаарал ауданында 520 гектар алқапта 11 мың тонна қырыққабат өсіріліп, оның едәуір бөлігі Ресей мен Беларуське экспортталған еді.