Үшінші мегаполисте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жалғасуда. Бұл жолы науқанға Тұран ауданы белсене атсалысып, 6 аумақта тазалық жұмыстарын жүргізді.


Экологиялық акцияға 60-қа жуық техника жұмылдырылып, 100-ден аса адам атсалысты. Таңмен таласа тұрған тұрғындар қала аумағындағы тазалық жұмыстарына жұмыла кірісті. Қатысушылар өзен бойы мен іргелес аумақтарды тұрмыстық қалдықтардан тазартып, айналаны абаттандыруға үлес қосты.


ДӘУРЕН БАЛҒАНОВ, ТҰРАН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ М.А.
– «Сенбілікке екі мекемеден алпысқа жуық техника бөлінді. 150 тонна қоқыс шығару жоспарланған. Арнайы мамандар қоқысты Ақтас полигонына жеткізетін болады.»


Аталған шара қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандар да өздеріне бекітілген аумақтарды ретке келтіріп, экологиялық акцияға қолдау көрсетті.


 ҚАНАЛЫ БАЙРАМОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Осы жерге сенбілікке жиналдық. Өзен бойын қоқыстан тазартып жатырмыз. Акцияға өз үлесімізді қосып келеміз.»


Сенбілікке ауданның ақсақалдар алқасы мен қоғам белсенділері де қатысты. Олар тазалық табалдырықтан басталатынын атап өтіп, қоршаған ортаны аялап ұстауға шақырды.


 САТЫБАЛДЫ ӘДІЛБЕКҰЛЫ, ТҰРАН АУДАНЫ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
– «Отан табалдырықтан басталады. Ең алдымен үй айналасын таза ұстау қажет. Қалада қандай да бір науқан өтсе, біз қалмай қатысып, қоршаған ортаны таза ұстауға үлес қосамыз.»


Акция ауданда бұған дейін де бірнеше мәрте өткізілген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі бастамалар тұрғындардың бірлігін нығайтып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға сеп болмақ.