Шымкентте Қазақстан математиктерінің бірінші конгресі басталды. Халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған шараға 500-ге жуық маман қатысты. Олар тың жобаларын ортаға салып, математика саласындағы құнды зерттеулерін таныстырды.


Конгресс аясында 6 халықаралық ғылыми конференция өткізіліп, математика ғылымының өзекті мәселелері, заманауи зерттеулер мен халықаралық тәжірибе талқыланады. Жиында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйлеп, ғылымның елеулі рөліне тоқталды. Ол премьер-министр Олжас Бектеновтің құттықтау сөзін жеткізіп, жасанды интеллекттің артықшылығы мен кемшіліктерін тізбектеді.


САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ
Қазір агенттік жасанды интеллекттің заманына көшіп жатырмыз.Ол өз бетінше шешім қабылдайды, берілген ақпаратты қорыта алатын форматқа көшеміз.Мұның түбінде математика жатыр.


 Конгресс М. Әуезов атындағы ОҚЗУ-де жалғасты. Мұнда математиктер пленарлық отырыс өткізіп, зерттеу нәтижелерін ортаға салды.


БАҚЫТЖАН ЖҰМАҒҰЛОВ, ТҮРКІ ӘЛЕМІ МАТЕМАТИКТЕР ҚОҒАМЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
 – Қазақстанда математика жақсы дамып келе жатыр. Бұрыннан жақсы мектептер бар.Оқулықтар да жаңа форматқа көшті.Ғалымдар бұл бағытта тың дүниелер жасап жатыр.


Жиында сөз алған спикерлер математиканың ғылым мен технологиядағы рөлін әрі жасанды интеллект саласындағы жаңа мүмкіндіктерді баяндады.


ТЫНЫСБЕК КӘЛМЕНОВ, ФИЗИКА-МАТЕМАТИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР
– Бұл конгресс математиканың барлық саласынан жетекші ғалымдар жиналып, жан-жақтан математиканың өзекті проблемаларын талқылайды.Бірнеше күнге созылатын жиында түрлі мәселелер көтеріледі.


Айта кетейік, конгресс жұмысы 7 сәуірге дейін жалғасады. Тарихи шара отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосып, жас зерттеушілердің білімін жетілдіруге тың серпін береді.