«Буллингсіз қоғам – жарқын болашақ». Түркістанда осындай атаумен арнайы жиын өтті. Онда балалар арасындағы суицидтің алдын алу, буллингтің алдын алу және жасөспірімдерге қолайлы психологиялық орта қалыптастыру мәселелері қозғалды.
Шара қала прокурорының төрағалығымен ұйымдастырылды. Семинарға мектептердің сынып жетекшілері, колледж директорлары, сондай-ақ психологтар қатысты. Сонымен қатар, жиынға қала әкімінің орынбасары қатысып, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Іс-шара барысында жасөспірімдер арасындағы буллингтің алдын алу, психологиялық қолдау көрсету тетіктері, қауіп факторларын ерте анықтау және білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылын күшейту мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, нақты ұсыныстар мен тиімді әдістерді ортаға салды. Аталған бағыттағы семинар-тренингтер Түркістан облысының барлық қала және аудан орталықтарында кезең-кезеңімен өткізілуде. Бұл бастама балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың психологиялық әл-ауқатын жақсартуға және қоғамда буллингке төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.