Түркістан облысында акватуризм мен заманауи балық шаруашылығын дамыту бойынша маңызды жобалар жүзеге асырылмақ. Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеров Шаға ауылдық округіне арнайы барып, инвестормен кездесті.
Кездесу барысында жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, акватуризмді дамыту және заманауи балық шаруашылығы кластерін құру мәселелері талқыланды. Өңір басшысы жұмысты сапалы әрі уақтылы орындауды тапсырды. Қазіргі таңда «Шаға» су қоймасының аймағы реттеліп, жаңа жобаны жүзеге асыру жұмыстары басталды. Түркістан облысындағы бұл жобалардың бастамашысы – «GOLD FISH TURKISTAN» ЖШС. Акватуризмді дамытуға арналған жобаның құны – 1,5 млрд теңге, қуаттылығы маусымына 100 000 адамға дейін. Жалпы аумағы – 8 гектар. Биыл жүзеге асатын жоба арқылы 25 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар заманауи балық шаруашылығы кластерін дамытуға бағытталған жобаға арнайы жер бөлінген. Жобаның құны – 1 млрд теңге. Жоба 2027 жылы толық іске қосылады деп күтілуде. Толығымен іске қосылған жағдайда жылына 300–400 тонна балық өндіруге қауқарлы болмақ.