Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардағы жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар, Айқап–Түркістан шағынауданында кәріз желілері құрылысының аяқталу барысы қаралып, Нұртас және Ұлағат тұрғын алаптарындағы су бұру жүйелерінің жағдайы тексерілді.


 Нұртас шағынауданында сапа талаптарының сақталмауы салдарынан асфальт жабынының шөгуі анықталды. Осыған байланысты мердігер ұйымға жол учаскелерін қалпына келтіру бойынша нақты тапсырма берілді. Ұлағат тұрғын алабында қосымша су бұру желісін тарту және оны қысқа мерзімде пайдалануға беру міндеті жүктелді. Ал Айқап–Түркістан шағынауданында кәріз желілерін іске қосу келесі аптаға жоспарланған. Қала әкімі Күншығыс шағынауданында жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып жатқан коммерциялық үлгідегі аялдама кешендерін орнату жобасымен де танысты. Жоба қоғамдық көлік жолаушылары үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Аялдама кешендері күту алаңдарымен қатар, коммерциялық нысандарды да қамтып, қалалық ортаның жайлылығын арттыруға және көлік қызметінің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қалалық диагностикалық орталықтың ғимаратын қайта жаңғырту және кеңейту жұмыстарының барысы зерделенді. Құрылыс басқармасына нысанды сапалы әрі белгіленген мерзімде пайдалануға беру тапсырылды. Бұл өз кезегінде тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді. Аралау қорытындысы бойынша Ғ. Іляев, А. Байтұрсынов, С. Шаймерденов көшелері мен Тәуке хан даңғылының санитарлық жағдайы тексерілді. Жауапты мекемелерге анықталған кемшіліктерді жедел жою, аумақты тазалау және қоқыс шығару жұмыстарын күшейту бойынша нақты тапсырмалар берілді.