Бүгін Халықаралық балалар кітабы күніне орай орталық кітапханада арнайы шара өтті. Кешке жиналған қаламгерлер кітаптың мәні мен маңызына тоқталып, жастардың оқуға деген қызығушылығын арттыру жолдарын талқылады.


Кітап – ойды шыңдайтын, сананы серпілтетін киелі қазына. Кездесуде әдебиет әлеміне саяхат жасаған жастар сүйікті шығармалары жайлы пікір алмасты. Мерекелік жиынға белгілі қаламгерлер қатысып, балаларға білімнің сарқылмас қазына екенін жеткізді. Өнерпаздар мың бұрала билеп, әсем әннен шашу шашты.


АТАНБЕК НАУРЫЗ, ЖАЗУШЫ, ЖУРНАЛИСТ
 Баланың арманын ұштайтын – кітап. Кітап оқыған баланың қиялы шексіз болады. Қазіргі ұрпаққа ана тілінде жазылған шығармаларды оқытсақ, нұр үстіне нұр. Осы арқылы баланың ойлау жүйесін дамытып, сөздік қорын байыта аламыз.


Кеш барысында қатысушыларға көркем әдебиеттің адам өміріндегі рөлі, кітап оқудың тұлғалық дамуға тигізер әсері кеңінен түсіндірілді. Әсіресе жастар арасында кітапқа деген қызығушылықты арттыру мәселесі ерекше талқыға түсті.


ТӘҢІРБЕРГЕН ҚУАНЫШБАЙ, ОҚУШЫ
 Мен кітап оқуға күніне бір жарым сағат арнаймын. Кітапханаға жиі келемін. Ертегі кітаптарды оқимын. Бұл туындылар мені жақсылыққа, мейірімділікке тәрбиелейді.


Ұйымдастырушылар жас буынның бойына жоғары азаматтық қасиеттер мен рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңірудің маңызын атап өтті. Шараға қатысқан оқушылар түрлі пікірталастарға қатысып, сүйікті кітаптары жайлы ой бөлісті.