Мегаполисте тағы 30 отбасы баспаналы болды. Қалада тұрғын үй қорын кеңейтуге және баспана кезегінде тұрған азаматтарды қолдауға бағытталған бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Кезекті жоба аясында Асар-2 шағынауданында толық емес отбасыларға жалдамалы пәтерлердің кілті табысталды.


Салтанатты іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жаңа қоныс иелерін құттықтады. Мегаполис басшысы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды кезең-кезеңімен іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл пәтерлер коммуналдық тұрғын үй қорынан бөлініп, әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға ұсынылып отыр.


БИБІГҮЛ ТЫНЫШТЫҚБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
 Баспана барлық адамға бұйырсын. Бәріміз бақытты болайық. Өсіп-өніп, өркендейік.


Баспана алғандардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар, толық емес отбасылар және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар бар. Сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азаматтар да бағдарлама арқылы пәтер кілтіне қол жеткізді.


 АЙНАШ ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Өте қуаныштымын. Баспанаға мұқтаж жандарға жұғысты болсын. Әр отбасыға бақытты, берекелі баспана бұйырсын. Бұл шағынаудан келешекте көрікті орынға айналады деп сенемін.


Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бағдарламаға қатысушыларды іріктеу белгіленген талаптарға сәйкес, ашықтық пен әділдік қағидаттары негізінде жүргізіледі. Бұл барлық үміткерге тең мүмкіндік беруге жол ашады. Мұндай бастамалар қаланың тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға оң әсер етеді.