Түркістан облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті. Маңызды мәжіліске өңірдің құқық қорғау органдары, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысты. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті. Комиссия отырысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және тәуекелдерді төмендету бағытындағы өзекті мәселелер қаралды.

Күн тәртібіндегі басты мәселе – мемлекеттік сатып алу бойынша жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындылары болды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Амандық баяндама жасап, мониторинг барысында анықталған заңбұзушылықтар мен тәуекелдерге тоқталды. Жиын барысында комиссия мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, мемлекеттік сатып алу процесіндегі ашықтықты арттыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстардың тиімділігіне ерекше назар аударылды. Жиын барысында айтылған ұсыныстар негізінде тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болады. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі аталған бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Әрбір мемлекеттік органға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша нақты міндеттер жүктелді.