2023–2026 жылдары Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру үшін республикалық бюджеттен жалпы 30,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 2023 жылы – 19,8 млрд теңге, 2024 жылы – 3 млрд теңге, ал 2025 жылы – 7,4 млрд теңге толық игерілді. Бөлінген қаражат есебінен 6 бағыт бойынша 4 221 жобаға жалпы 30,2 млрд теңге несие берілді.


 Аталған бағдарламаның іске асырылу барысы Түркістан облысы әкімінің төрағалығымен өткен жиында жан-жақты талқыланды. Өңір басшысы жобаларды жүзеге асыруда сапа мен нақты нәтижеге баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ жауаптыларға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. «Аудандарда осы бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған өндірістік ғимараттар салу жұмыстарын жандандыру қажет», – деді облыс әкімі аудан және қала әкімдеріне.


Бағдарлама аясында шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4 221-ге артты. Сонымен қатар 4 635 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы аумағы 29,3 гектарды құрайтын 593 жылыжай кешені салынып, мал басы 76 887-ге ұлғайды. Бұдан бөлек, 79 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 441 адамға азайды. Жүзеге асқан жобалардың нәтижесінде жыл сайын шамамен 30 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі.


 Айта кетейік, Түркістан облысы аталған бағдарлама бойынша 2026 жылы республикадан 15,3 млрд теңге көлемінде қаржы тартуды жоспарлап отыр. Бұл қаражат 1 151 жаңа жобаны жүзеге асыруға және 2 468 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ 2026 жылы өңірдің ауылдық округтерінде 4,6 млрд теңгеге қайта өңдеу саласын несиелендіру жоспарланған.