Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын барысында өңірдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікке қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде қылмыстық құқық бұзушылықтар 7,9%-ға төмендеген. Аса ауыр қылмыстардың ашылу деңгейі 100%-ды құрап отыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде кісі өлтіру, қарақшылық, ұрлық, пәтер және мал ұрлығы сияқты негізгі қылмыс түрлері азайды. Сонымен қатар отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы және бұрын сотталған тұлғалармен жасалған құқық бұзушылықтар да азайды. Ал алаяқтық және интернет-алаяқтық деректері 40%-ға артқан.
АЙДЫН ТӨРЕБЕКОВ, ҚР БП ҚҰҚЫҚТЫҚ СТАТИСТИКА ЖӘНЕ АРНАЙЫ ЕСЕПКЕ АЛУ ЖӨНІНДЕГІ КОМИТЕТІНІҢ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтың тіркелу деңгейі біздің облыста 7,9%-ға төмендеген. Егер 2024 жылы 5262 қылмыс тіркелсе, 2025 жылы 4848. Ағымдағы жылдың екі ай қорытындысы бойынша облыстағы қылмыс саны 6,8%-ға төмендеп отыр. Оның ішінде ауыр емес қылмыстар 18,1%-ға, аса ауыр қылмыстар 10%-ға, орташа ауырлықтағы қылмыстар 3,6%-ға төмендеген. Ал ауыр қылмыс саны 6,8%-ға өскен.
Жиын барысында қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі кеңінен қаралды. Өткен жылы ақша жылыстату деректері бойынша тіркелген қылмыстық істер саны екі еседен астам өсіп, 38-ден 80-ге жеткен. Мамандардың айтуынша, қылмыскерлер жалған компаниялар, банк шоттары мен цифрлық құралдарды пайдалана отырып, күрделі қаржылық схемаларды жүзеге асыруда. Әсіресе дропперлік қызмет кең таралған.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бірінші қылмыс деңгейінде өскен қала мен ауданда қылмыстың өсу себептеріне толық талдау жүргізіп, қылмыс деңгейін азайтуға нақты іс-шара қабылдауды тапсырамын. Қоғамдық орындарда орын алып жатқан қылмыстардың алдын алу мақсатында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын бейнебақылау камераларымен жабдықтау, домофондар мен жарық шамдармен қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар әлеуметтік желідегі қылмыстық жолмен табылған қаражат заңмен қатаң қудаланатынын түсіндіру бойынша тұрақты жұмыс жүргізуіміз қажет. Интернет алаяқтықты алдын алу мақсатында халық көп шоғырланған жерлерде насихаттау жұмыстарын күшейтуді тапсырамын.
Қабылданған шаралар аясында дроп-шоттарды бұғаттау, банк карталарын заңсыз беру үшін жауапкершілікті күшейту және цифрлық мониторинг жүргізу жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы «жеңіл табыс» ұсынатын заңсыз жарнамаларды анықтау және бұғаттау жұмыстары күшейтілді.