Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркияның Әділет және даму партиясы бас хатшысының орынбасары, түркі мемлекеттерімен байланыс бөлімінің басшысы Күршад Зорлу бастаған делегациямен кездесті. Басқосуда тараптар түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты дамыту, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Әсіресе Түркістан өңірінің туристік әлеуетін арттыру, тарихи-мәдени мұраны бірлесіп насихаттау бағыттарына ерекше назар аударылды.


 Облыс әкімі кездесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инвестициялық мүмкіндіктері туралы баяндап, халықаралық әріптестікке ашық екенін атап өтті. Сондай-ақ түркі елдері арасындағы достық қарым-қатынасты тереңдетудің маңыздылығына тоқталды.


Күршад Зорлу түркі мемлекеттері арасындағы өзара байланысты күшейту бағытындағы бастамаларды қолдайтынын білдіріп, алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи мұрасын насихаттау, қолөнер саласын дамыту, экономикалық және инвестициялық жобалар бойынша әріптестікті тереңдету және Түркістанның тарихи рөлі жөнінде ой қозғады.


Айта кетейік, өзара ынтымақтастықтың арқасында Түркия мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 2025 жылы 5,4 млрд АҚШ долларын, ал Түркістан облысымен 45,4 млн АҚШ долларын құрады. Облыста түрік капиталымен екі ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Түркістан қаласының халықаралық әуежайын түріктің «YDA Holding» компаниясы рекордтық қысқа мерзімде салды. Ал «Керуен Сарай» туристік кешені 2021 жылы пайдалануға берілді.