Елімізде 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Осыған орай, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылдарды үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штаб отырысы өтті. Жиынға өңірлік штаб мүшелері, сондай-ақ аудан және қала әкімдері қатысты.


Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, есептік кезеңде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 78 дерек анықталған. Нәтижесінде 7 кг 34 г есірткі заты тәркіленді. Жалпы есірткі қылмыстарының саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір төмендеген. Жыл басынан бері әлеуметтік желілерде жүргізілген мониторинг барысында «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесі арқылы синтетикалық есірткіні жарнамалайтын 224 интернет-ресурстың жұмысы тоқтатылды. Сонымен қатар, есірткі сатумен айналысуы мүмкін күдікті тұлғалардың электрондық ақша айналымын тексеру барысында 454 банк картасы анықталып, олардың айналымына шектеу қойылды.