Түркістан қаласындағы «Түркістан есу арнасында» байдарка мен каноэ есуден ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстанның көктемгі чемпионаты басталды. Ел біріншілігі бұл нысанда алғаш рет ұйымдастырылуда.
Республиканың 11 өңірінен келген 120 спортшы қатысып жатқан жарыс бес күнге жоспарланған. Ескекшілер 10 бағдарлама түрі бойынша өзара мықтыны анықтайды. Чемпионат жүлделері сарапқа салынады. Аталған дода Қытайдың Хейфей қаласында өтетін Азия чемпионатына іріктеу кезеңі ретінде де маңызды.
Жергілікті жанкүйерлер бұл сында түркістандық спортшылар — Ульяна Киселева, Артем Терещенко, Ольга Шмилева, Полат Төребеков және Раматулла Бекарыстаннан жүлде күтеді.
Айта кетейік, еліміздің үздік ескекшілері бас қосқан бұл чемпионатта тартысты бәсеке күтіледі. Спортшылар ұлттық құрама сапына ену үшін бар күш-жігерін салады.