Түркістанда бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы, қазақ боксының мақтанышы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы XXIV халықаралық турнир басталды.
Дәстүрлі халықаралық дода 30 наурыз бен 4 сәуір аралығында өтеді. Жарыс барысында ұлдар 10, ал қыздар 5 салмақ дәрежесінде сынға түсіп, үздіктер анықталады.
Биылғы турнирге Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Моңғолия, Тәжікстан, Әзірбайжан елдерінен және Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 252 спортшы қатысып жатыр. Оның ішінде 209 ұл мен 43 қыз чемпиондық атақ үшін шаршы алаңда бақ сынайды.
Айта кетейік, бұл турнирдің маңызы ерекше. Өйткені дәл осы бәсеке барысында ел намысын халықаралық ареналарда қорғайтын жастар құрамасы жасақталады. Іріктелген боксшылар алдағы Азия және әлем чемпионаттарында, сондай-ақ жастар арасындағы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайды.