Шымкентте балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылады. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов мәлімдеді. Оның айтуынша, тиісті қаулыға қала әкімі қол қойған. Енді жақын күндері жасөспірімдердің қауіпсіз әрі кедергісіз дамуын қадағалайтын арнайы басқарма жұмысын бастайды.


ҚУАНЫШ ЫСҚАҚОВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 Бұл сала өте маңызды әрі күрделі. Осыған байланысты наурыз айының соңында қала әкімінің қаулысы қабылданды. Біздің басқармадан бөлек балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылып жатыр. Қазіргі таңда құжаттар Әділет департаментіне тіркеуге жолданды. Бір ай ішінде жаңа басқарма өз жұмысын бастайды.


Өткен жылы колледж бітірген студенттердің 72 пайызы жұмысқа орналасқан. Қуаныш Ысқақов мұны дуалды оқыту жүйесінің нәтижесімен байланыстырады. Оның айтуынша, білім алушылар оқу барысында-ақ мамандығына сай практикалық тәжірибе жинақтап, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатады. Бұл өз кезегінде түлектердің оқуын аяқтаған соң тез арада жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.


ҚУАНЫШ ЫСҚАҚОВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қазіргі таңда 14 колледж 63 кәсіпорынмен меморандум түзді. Нәтижесінде олар шефтік қамқорлыққа алынды. Жалпы, 37 колледж 1420 кәсіпорынмен серіктестік орнатқан.


Айта кетейік, Шымкентте 294 жалпы орта білім беру ұйымы жұмыс істейді. Онда 280 мыңға жуық оқушы білім алуда. 100 мыңға тарта оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Сонымен қатар, 155 мектепке «e-асхана» және «Алақан» жүйелері орнатылған.