Қазіргі таңда Қазақстанда аутизмге шалдыққан балалардың саны 17 мыңнан асады. Мамандар дерттің дендеп бара жатқанын айтады. Алайда елімізде зиятында ауытқуы бар балаларға арнайы көмек көрсетіліп келеді. Ал бүгін – Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні. Атаулы күнге орай «Қамқорлық» оңалту орталығында арнайы шара ұйымдастырылды.
Шымкенттік тұрғын Бақытгүл Құлназардың қызы сегіз жаста. Бір жылдан бері оңалту орталығында қызмет алып келеді. Бұған дейін жекеменшік мекемелерге жүгінген ана бүгінде мемлекеттік қолдауға өте риза. Арнайы мамандардың көмегіне жүгінгеннен кейін перзентінің жағдайы күннен-күнге жақсарып келе жатқанын айтады.
БАҚЫТГҮЛ ҚҰЛНАЗАР, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Мемлекет осындай тегін орталық ашқалы жүгіміз жеңілдеді. Мұнда баланың дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Қызымның келіп жүргеніне бір жылдан асты. Қазір жағдайы жақсы.
Аутизмі бар балалар ерекше күтімді қажет етеді. Қазіргі уақытта бұл дертті толық емдейтін арнайы дәрі-дәрмек жоқ. Сондықтан балаларға көмек көрсетудің тиімді жолдарының бірі – арнаулы оңалту орталықтарына тұрақты қатысу.
Біз бұл орталықта түзету және дамыту жұмыстарын жүргіземіз. Дефектолог пен логопед мамандары баланың сөйлеу дағдыларын қалыптастырады. Қазір бүлдіршіндер оңалтудан өтіп жатыр. Кейбірі тіпті мектепке бара бастады.
«Қамқорлық» оңалту орталығында түзету-дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Қазіргі таңда мұнда 150-ге жуық бала ем қабылдауда. Мамандар олардың сөйлеу тілі мен қимыл-қозғалыс дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөледі.