Өңірде кітап оқуды дәріптеудің ерекше тәсілі қолға алынды. Енді кітап сүйер қауым тек рухани байып қана қоймай, қомақты қаржы ұтып алу мүмкіндігіне ие. Бұл жолғы бастама ұстаздар арасында өтті. Жоба педагогтардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, оқушыларға үлгі көрсетуге бағытталған.
ТАҢНҰР АЛИМЖАНҚЫЗЫ
Қаламызда «Кітап оқитын ұлт» атты ерекше байқау жалғасуда. Жоба аясында қатысушылар белгілі бір уақыт ішінде кітап оқып, өз ой-пікірін сараптап, арнайы тапсырмаларды орындауы тиіс. Бұл бастаманың басты мақсаты – ұлттың ой-пікірін қалыптастыру және кітап оқуға деген мәдениетті арттыру.
Қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған бұл бастама халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын оятады. Кітап оқу – тұлғалық дамудың маңызды бөлігі. Ол ой-өрісті кеңейтеді, тіл мәдениетін жетілдіреді және рухани байлыққа жол ашады.
ГҮЛЖАН ТӘЛІПБАЕВА, ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Жобаның негізгі мақсаты – кітапқа деген құмарлықты арттыру. Байқауда әріптестерімізге айтып отырғанымыздай, кітап оқыған педагог пен оқыған әр адам рухани жаңарып, адамгершілік қасиеті мен қоғамға деген көзқарасы ерекше көрініп тұрады.
Байқау пилоттық режимде Шымкент қаласы, Қарағанды және Қостанай облыстарында өтуде. Жоба алты бағытта жүргізіледі: кітап оқитын педагог, кітап оқитын мектеп, кітап оқитын әулет, кітап оқитын университет, кітап оқитын колледж, кітап оқитын мемлекеттік қызметкер. Жеңімпаздарға қаржылай сыйақы қарастырылған: 1-орын – 1 млн теңге, 2-орын – 600 мың, 3-орын – 400 мың теңге.
БАҚЫТБЕК ЖАҚЫПОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫНЫҢ КЕҢСЕ ЖЕТЕКШІСІ
Жобаның ерекшелігі – алты бағытта жүзеге асуы. Қазіргі уақытта біз «кітап оқитын педагог» бағытында жұмыс істеп жатырмыз.
Кітап – рухани байлықтың қайнар көзі. Ал оны оқығаны үшін қаржылай марапат алу – бүгінгі күннің жаңа тренді. Жоба ұлттың білімге деген құлшынысын арттырады және кітап оқуға ынтасын оятады. Мұндай бастамалар зияткер ұлт қалыптастыруға ықпал етеді.