Қала әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасымен Президент резиденциясының базасында құрылған дарынды балаларға арналған оқу-сауықтыру лагеріне барды. Мұнда олимпиада жеңімпаздары, үздік оқушылар, жас өнертапқыштар, ғылым, мәдениет және өнер салаларында ерекше қабілет танытқан балалар білім алады.
Лагерь талантты жастарды біріктіретін, олардың әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналады. Мекеме жыл бойы жұмыс істейді. Әр ауысым 30 балаға есептелген, ұзақтығы шамамен 20 күн. Бір жылда 500-ден астам жас дарын арнайы бағдарлама бойынша білім алу мүмкіндігіне ие болады. Балалардың жайлы демалып, жан-жақты дамуы үшін жатын корпустар, оқу және мәдениет залдары, спорт алаңдары, кітапхана мен медициналық пункт қарастырылған. Сонымен қатар, қала әкімі Момынов көшесіндегі теміржол өткеліне іргелес аумақты абаттандыру барысын зерделеп, А-2 айналма жолын қайта жаңғырту және Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстарының барысын қарады. Мердігер ұйымдарға барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау міндеті қойылды. Сапар соңында Қазыбек би көшесінің, Тәуке хан даңғылының және Орталық саябақтың санитарлық жағдайын тексерді. Жауапты тұлғаларға анықталған кемшіліктерді жоюды, күнделікті бақылауды күшейтуді және тазалықты тұрақты деңгейде қамтамасыз етуді тапсырды.