«Цифрлық білім беру ортасында білім алушылардың психологиялық саулығын дамытудағы пәнаралық тәсілдер» тақырыбында халықаралық ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Бес елдің ғалымдарының басын қосқан ғылыми алаң Орталық Азия инновациялық университеті педагогика кафедрасының бастамасымен жетінші рет ұйымдастырылып отыр.


 Халықаралық ғылыми семинарға жиналған ғалымдар цифрлық білім беру ортасында білім алушылардың психологиялық саулығын дамыту мәселелерін талқылады. Дәстүрлі әдістемелік шара жеті жыл қатарынан өткізіліп келеді. Соңғы үш жылда семинар халықаралық деңгейге шықты.


ЖАНАР ҚАЗАНБАЕВА, ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ЖӨНІНДЕГІ ПРОРЕКТОР
«Тәжірибе алмасу жөнінде семинардың өтуіне 7 жыл болды. Жыл сайын өтіп жатыр. Бұл семинарда педагогтар өздерінің пікірлерімен, білімдерімен алмасады. Қазір соңғы үш жылдың ішінде семинар халықаралық деңгейге ауысып отыр. Халықаралық деңгейде қосылып жатқан әріптестеріміздің саны өте көп.»


Ғылыми алаңда қатысушылар білім берудегі цифрландыру мен жасанды интеллекттің өзекті мәселелерін талқылады, тәжірибе алмасты және студенттердің психологиялық саулығын дамытуды ескере отырып ұсыныстар әзірледі. Офлайн және онлайн форматта өткен семинарға Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Түркия және Өзбекстан елдерінің жоғары оқу орындарының ғалымдары мен педагогтары қатысты.


ГҮЛНАР ЖҰМАҒҰЛОВА, ПЕДАГОГИКА КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ, ПСИХОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ
 «Бүгінгі семинарға бес мемлекеттің ғалымдары қатысып отыр. Әр мемлекет ғалымдары цифрландыру мен жасанды интеллект аясында білім беру жүйесін нақты талқылап, тиімді әдістерді қолданып, өзара пікір алмасып, тәжірибе жинақтады.»


 Жиында қатысушылар халықаралық үздік тәжірибені белсенді түрде талқылап, пәнаралық тәсілдерді енгізудің тиімді жолдарын іздестірді. Баяндамалар қатысушылар тарапынан жоғары баға алды, олардың ақпараттық құндылығы мен практикалық маңызы ерекше аталып өтті.


БАҒЖАН ЕСІМБЕК, МАГИСТРАНТ
«Қазіргі білім беру жүйесінде цифрландыруды дамыту маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында пәнаралық тәсілдерді пайдалану өте маңызды, өйткені әртүрлі ғылым салаларының мүмкіндіктерін біріктіріп, білім алушылардың дамуына мүмкіндік береді.»


 Шара халықаралық академиялық байланыстарды нығайтып, әртүрлі елдердің білім беру мекемелері арасында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты.