Шымкент қаласындағы №7 емханада жаңа нысандар пайдалануға берілді. Медициналық мекеменің А және Б корпустарын байланыстыратын өтпелі галерея іске қосылып, науқастардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалуына жағдай жасалды. Толығырақ – арнайы іс-шараға қатысып қайтқан тілшіміздің бейнематериалында.
Мамандардың айтуынша, жабық галерея әсіресе отадан кейін қозғалысы шектеулі науқастар үшін маңызды. Сонымен қатар бұл жүйе медициналық қызметкерлердің бөлімдер арасында жылдам қозғалуына мүмкіндік беріп, жедел көмектің уақытылы көрсетілуіне ықпал етеді.
НҰРЛАН ЖАНАБАЕВ, №7 ЕМХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ
Галереяның басты мақсаты – мүгедектігі бар науқастарға, ана мен бала ем қабылдап жатқан кезде ыңғайлы жағдай жасау.
Сонымен қатар емханада «ПетроҚазақстан Ойл Продакт» ЖШС қолдауымен тұзды шахта ашылды. Арнайы тұзды бөлме тыныс алу жолдарын тазартуға, қабынуды азайтуға және иммунитетті күшейтуге көмектеседі. Бұл әдіс бронхит, астма және аллергиясы бар адамдар үшін пайдалы. Емханаға қаралған науқастар қызмет сапасына разы.
ЕРКЕБҰЛАН БАЙЫМБЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Әр үш айда келіп қаралып тұрамыз. Рахмет басшылығына. Қай уақытта келсек те алдымыздан шығып жағдайымызды жасайды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында емхананың ауласын абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілді. Шара соңында емханаға шақыртылған қонақтар, демеушілер және ел ағалары бірлесіп аулаға ағаш отырғызды. Бұл бастама қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты аялауға бағытталған игі қадам ретінде бағаланды. Ұйымдастырушылар мұндай акциялар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.