Инвестиция тарту арқылы экономиканы әртараптандыру, өндірісті дамыту және халықты жұмыспен қамту жұмыстары жүргізілуде. Түркістан облысында осы бағыттағы жұмыс жүйелі әрі нәтижелі жүзеге асырылуда. Жер және инфрақұрылым мәселелерін жедел шешу ісі де күн тәртібінде. Қазір облыс аумағында 132 млрд теңгеге 98 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Түркістан облысы аумағында жалпы көлемі 1 961,3 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ құрылған. Қазіргі таңда осы аймақтарда жалпы құны 132,3 млрд теңге болатын 98 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 6 001 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Олардың ішінде қазірдің өзінде 59,8 млрд теңгеге 55 инвестициялық жоба іске қосылды.
Былтыр индустриялық аймақ кәсіпорындары жалпы 26,2 млрд теңгенің өнімі өндірді. Бюджетке түскен салық түсімі 1,7 млрд теңгені құрады. Индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын жүргізуге жұмсалған қаржы көлемі 12,4 млрд теңгені құрады. Бюджеттен жұмсалған 1 теңгеге 10,7 теңге жеке инвестиция тартылды.
Бұл жобалар өңір экономикасында маңызды орын алатын өндірістік салаларда іске асырылуда. Олардың қатарында жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өндірісі, құрылыс саласы, пластмасса бұйымдарын жасау, машина жасау, металлургия, дайын металл өнімдерін өндіру және жиһаз жасау бағыттары бар.