Еліміздегі медицина күн санап қарыштап дамуда. Саланың ілгерілеуіне ғылымның дамуы оң ықпал етеді. Ғылым күніне орай «Шымкент жүрек орталығында» арнайы конференция ұйымдастырылды. Барлық орталық қызметкерлерін біріктіретін және ішкі ғылыми әлеуетті дамытуға бағытталған маңызды шарада Ғылым апталығының ресми ашылуы өтті.


Ғылым апталығы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым күніне орай ұйымдастырылатын іс-шаралар тізбесіне енгізілген. Ауқымды шара бір апта бойы жалғасып, білім алмасу, инновациялық идеяларды таныстыру және ғылыми әлеуетті дамытуға арналған маңызды алаңға айналады. Сонымен қатар, ол зерттеу бастамаларын қолдауға және озық әзірлемелерді практикалық денсаулық сақтау саласына енгізуге ықпал ететін заманауи ғылыми ортаны қалыптастыруға бағытталған.


 АҚЕРКЕ АУАНАСОВА, ШЫМКЕНТ ЖҮРЕК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Мұндай іс-шаралардың қоғам мен дәрігерлер үшін маңызы зор. Медицинаның ғылымсыз дамуы өте қиын. Шымкент жүрек орталығында ғылыми шаралардың өткізілуі стратегиялық тұрғыдан өте маңызды.


 Бағдарлама түрлі бағыттағы іс-шараларды қамтиды. Оның ішінде салауатты өмір салтын насихаттауға және командалық рухты нығайтуға бағытталған спорттық трек те бар. Ғылыми бөлім аясында баяндамалар, идеялар мен жобалар байқаулары жоспарланған. Қатысушылар өз әзірлемелерін ұсынып, сарапшылардың кәсіби бағасына ие болады. Бұл жас ғалымдар үшін өздерін танытуға, кері байланыс алуға және зерттеу бағыттарын айқындауға бірегей мүмкіндік. Ғылымның дамуы өңір медицинасына да тың серпін беруде.


 ҚАСЫМХАН СҰЛТАНОВ, ДӘРІГЕР-ХИРУРГ
 Облыстық клиникалық ауруханада қазіргі таңда бариатриялық әдіс енгізіліп жатыр. Сонымен қатар трансплантация жақсы дамып келеді. Бауыр мен бүйрек трансплантациясы қарқынды жүргізілуде. Өткен аптада бауыр трансплантациясы үшінші рет жасалды.


 Шымкент жүрек орталығында Ғылым апталығын өткізу – қазіргі заманғы медицина мен денсаулық сақтау саласында ғылым мен инновациялардың рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді. Іс-шара жаңа идеялардың дамуына, кәсіби қауымдастықты нығайтуға және ғылыми қызметке деген тұрақты қызығушылық қалыптастыруға ықпал етеді.