Студенттерге есірткі қылмыстарының құқықтық салдары түсіндірілді. Сақшылар "Болашақ" колледжінің білім алушыларымен профилактикалық кездесу өткізді. "Есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары" тақырыбында өткен дәріс барысында тәртіп сақшылары қолданыстағы заңнама талаптарын жан-жақты түсіндіріп, тыйым салынған заттарды сақтау, тарату және пайдалану үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік туралы мәлімет берді.
Сонымен қатар жастарды интернет және әлеуметтік желілер арқылы есірткі қылмыстарына тарту фактілеріне ерекше назар аударылды. Кездесу барысында студенттерге "жасырын жеткізу" секілді заңсыз схемалар, интернет-алаяқтық түрлері және цифрлық ортадағы құқық бұзушылықтарға қатысудың қауіптері туралы кеңінен түсіндірілді. Қызметтік иттер тыйым салынған заттарды анықтау дағдыларын көрсетіп, студенттердің қызығушылығын арттырды. Кездесу соңында полиция қызметкерлері жастарды заң талаптарын сақтауға, өз болашағына жауапкершілікпен қарауға және ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін заңсыз әрекеттерден аулақ болуға шақырды.