Шымкентте тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алу шарасы өтті. Биыл қайғылы оқиғаға 31 жыл толып отыр. Абай саябағындағы ескерткіш маңына жиналғандар боздақтардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Еске алу рәсіміне қоғам қайраткерлері мен ардагерлер қатысты.


Осыдан 31 жыл бұрын тәжік-ауған шекарасында Отан алдындағы антына адал болған 17 қазақ жауынгері қасіретті қақтығыста ерлікпен қаза тапты. 400-ге жуық шымкенттік азамат қиянкесті ұрыста аянбай күресті. Ел ертеңін ойлаған ерлердің қатарында Сұлтан Нұрымбетов те бар. Ардагер бүгін сұрапыл соғыста өмірден өткен боздақтарды еске алды.


СҰЛТАН НҰРЫМБЕТОВ, ТӘЖІК-АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ
«Тау шатқалында қалу қиын ғой. Жауынгерлер тағамдарын өзі дайындап жейтін. Сыз жерде жататынбыз, казарма жоқ еді. Өзім тәжік-ауған соғысына үш рет барып келіп, ел алдындағы міндетімді атқардым.»


 1993–2001 жылдар аралығында Қазақстанның 2000-нан астам сарбазы тәжік-ауған шекарасында бейбітшілікті қамтамасыз етуге аттанды. 1995 жылдың 7 сәуірінде Тәжікстанның Пшихавр тау шатқалында олар күтпеген жерден қарсылас күштердің қатал шабуылына ұшырап, ауыр сынаққа тап болды. Бүгін жиналған қауым осы ұрыста ерлік көрсеткен жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.


ӘБДІҒАППАР МӘДІБЕКОВ, ТӘЖІК-АУҒАН ҰРЫС ҚИМЫЛДАРЫНЫҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ТӨРАҒАСЫ
«Ерлікпен қаза тапқан қарулас бауырларымызды еске алу – ортақ міндет. Ер есімі – ел есінде. Бұл боздақтардың жақындарына үкімет тарапынан көмек беріледі. Ата-аналарына қаржылай сыйақы беріп тұрамыз.»


Шараға қоғам белсенділерімен қатар жастар қауымы да қатысты. Ұйымдастырушылар бұл арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуді мақсат еткендерін айтады.


 РУСЛАН БЕКТҰРСЫНОВ, 6506 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ БӨЛІМШЕ БАСТЫҒЫ
«Елбасымыз атап өткендей, жастар – ел болашағы. Өкінішке орай, мектеп қабырғасында жүрген оқушылар тарихымызды білмей жатады. Тарихты түгендеп жүрсін деген мақсатта осындай шараларды жиі ұйымдастырамыз.»


 Еске алуға келгендер ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің рухына Құран бағыштап, дұға оқыды. Боздақтардың есімін еске алып, есті естеліктерімен бөлісті.