Шымкент маңында қызғалдақ гүлдеді. Мегаполистің символына айналған өсімдік қалаға жақын аумақта арнайы алқапта жайқалып тұр. Көктемді көтеріңкі көңілмен қарсы алғысы келетін қала тұрғындары да осы маңайға арнайы келіп, серуен құрып жүр. Қырдағы алқызыл алқапқа арнайы барған тілшіміз Перизат Биназарқызы жеткізсін.


ПЕРИЗАТ БИНАЗАРҚЫЗЫ, ТІЛШІ
Ордабасы ауданында қызыл кітапқа енген сирек кездесетін Грейг қызғалдағы гүлдеп, сай-сала ажарлана түсті. Биіктігі 10–15 см болатын қызғалдақтар сәуір айының басына шығып, ары кетсе 20 күн көздің жауын алып тұрады. Табиғаттың кереметін көруге келгендердің қарасы қалың. Барлығы фотоға түсіп, әлеуметтік желіге салып әлек.


СӘУЛЕ БЕКТАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Маятастан Шымкентті қиып өтіп арнайы келдік. Бір жылға жететін эмоция алып жатырмыз. Қыздарымды, немерелерімді алып келдім, көрсін табиғаттың кереметін деп. Бұны басуға, жұлуға болмайды, – деп үйретіп жатырмын балаларға.»


Қызғалдақ — жапырағындағы өрнегі, ірі гүлдерімен басқа гүлдерден ерекшеленіп тұрады. Әрі қысқа мерзімде әсем көрініс сыйлап, бір жылға жоғалып кететіні үшін де көптің қызығушылығын тудыратыны анық. СПИКЕР: АНЕЛЬ ӘЛІМБЕК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Әлеуметтік желіден көріп, Шымкенттен арнайы келіп тұрмыз. Табиғаттың керемет сыйын көзбен көргенге не жетсін.»


Табиғаттың осы бір сыйын көзбен көріп қана қоймай, қолмен ұстағысы келетіндер де жоқ емес. Алайда оған заңмен қатаң тыйым салынғанын жұртшылық жақсы біледі. Егер қызыл кітапқа енген гүлді жұлатын болсаңыз, 11 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалауыңыз мүмкін.


АРУЖАН АЗАТҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Әлеуметтік желіге контент салу үшін келдік. Өткен жылы да келіп, қолымызға ұстап түскіміз келді. Бірақ оның арнайы айыппұлы барын біліп, тиіспедік. Ерекше атмосфера, табиғат та бүгін керемет болып тұр.»


Жергілікті тұрғындар қызыл алқаптың жылдағыға қарағанда сиреп бара жатқанын айтып отыр. Бірақ бүгін қала ішінде қызғалдақтар жайқалып тұр. Жергілікті билік 1,6 мың түп көшет отырғызған. Ол да қала көркіне сән беріп тұр.