Шымкентте Қазақстан математиктерінің бірінші конгресі басталды. Жергілікті және шетелдік ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, сарапшылар жиналған алаңда 6 халықаралық конференция өтеді. Онда математика ғылымының өзекті мәселелері, заманауи зерттеулер мен халықаралық тәжірибе талқыланады.


Алқалы жиын аясында Мұхтар Әуезов университетінде белгілі кәсіпкер, техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Серікжан Сейітжанұлы атындағы аудитория ашылды. Жаңа мәжіліс залдың лентасы салтанатты түрде қиылып, қатысушылар Серікжан Сейітжанұлының білім, ғылым және өндіріс саласындағы жетістіктері туралы деректі фильм тамашалады.


 БАҚЫТЖАН ЖҰМАҒҰЛОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ИНЖЕНЕРЛІК АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
– «Серікжан Сейітжанұлының үлкен іс-шараларды атқара жүріп, ғылымды бірге алып жүргеніне өте ризамын.» «Қасындағы жолдастар-жорасына, еліне деген сүйіспеншілігі мені тәнті етеді.»


Серікжан Сейітжанұлы – Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің түлегі. Ғылым мен кәсіпті ұштастырып, елге ерен еңбегін сіңірген азамат. Ұшқан ұясына құрмет көрсетіп, қолдан келген қолдауын аямаған. Сол үшін де оқытушылар мен ғалымдар оны ерекше құрметтейді. Академик ел ғылымын ілгері сүйреп, оның одан әрі дамуына үлес қосқан.


 СЕРІКЖАН СЕЙІТЖАНҰЛЫ, КӘСІПКЕР, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР, ҰҒА АКАДЕМИГІ
– «Университет басшыларына, барша ұжымға көп рақмет айтамын. Бұл 60 жылғы еңбектің көрінісі. Бұл кабинет жас ғалымдарға шабыт береді деп сенемін.»


Кеш барысында қонақтар профессор Серікжан Сейітжанұлының ғылымдағы ізденістерін, олардың өндірісте қолданылуын, сондай-ақ оның адами қасиеттері және ел игілігі жолындағы еңбектерін ерекше ықыласпен атап өтті.