Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Төлеби ауданындағы Көксәйек елді мекенінде заманауи жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Нысан «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен салынған.
Көксәйектегі жаңа спорт кешенінің ашылу салтанатында лента қиылып, нысанның символикалық кілті табысталды. Енді бұл кешен Түркістан облыстық №7 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қарауына беріліп, жас спортшыларды даярлайтын орталыққа айналады.
Спорт кешені 100 көрерменге арналған. Мұнда баскетбол, волейбол, күрес залдары мен заманауи тренажер залы орналасқан. Кешеннің жалпы аумағы 4 267 шаршы метрді құрайды.
Төлеби ауданында өткен жылы 63,6 млрд теңгеге 102 спорт нысанының құрылысы аяқталды. Ал 2026 жылы 11,3 млрд теңгеге тағы 20 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 15 спорт нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп, 15 спорт мектебі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.